«Алашорда» фильмі – «Қазақфильм»

       «Алашорда» фильмі – «Қазақфильм» киностудиясы дайындаған деректі фильмі. 2009 жылы шыққан. Фильм режиссері Қалила Омаров. Сценарий авторы – Болат Мүрсәлім. Ұзақтығы 52 минут. «Алаш» дәуірі қазақ елі Ресей ықпалына толық көшкен кезде орнады. Шашылып кеткен қазақ жерін біріктіру үшін, «қазақ» ұлтын сақтап қалу үшін саяси сахнаға Әлихан Бөкейханов бастаған зиялы қауым өкілдері шықты. Фильмде қазақ жерін біріктірген «Алаш Орда» тарихын көрсетеді. Қазақ жерін біріктіру, Алаш автономиясын жариялау, Мемлекеттік Думаға шығу арқылы қазақтың жерін қорғау, ондағы күрес жолы, уақытша үкімет кезіндегі алашордашылардың еңбегі айтылады. Фильмнің бірден-бір ерекшелігі – Ленин, Сталин бастаған большевиктік өкіметпен Алашорданың арасындағы қарым-қатынасты ашып көрсетуінде. Картина ғылыми-танымдық жанрда. ХХ ғасырдың басындағы тарихымызды ашатын фильм өз миссиясын толық орындап шықты деп айтуға болады. Деректі фильмнің режиссері Қалила Омаровтың айтуынша, түсірілім Алматыда, Орынборда, Санкт-Петерборда, сондай-ақ Алаштың астанасы болған Семей қаласында жүргізілген. Фильмнің басты жаңалығы – Орынбордан Алаш қайраткерлерінің өмірі өткен екі ғимарат табылды. Оның бірінде Ахмет Байтұрсынұлы тұрған және сол үйдің жертөлесінде «Қазақ» газетінің редакциясы болған. Ол үй әлі күнге дейін тұр. Екіншісі І және ІІ Жалпықазақ сиездері өтіп, «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы дүниеге келген қарашаңырақ. Осы екі ғимаратта деректі фильм түсірілді. Тарихшылар: Мәмбет Қойгелді, Қамбар Атаев, Михаил Флоринский және 60 жыл өмірін Тұрар Рысқұловты зерттеуге арнаған жазушы Шерхан Мұртазаның, Алаш зиялыларын көзімен көрген жан – Гүлнар Міржақыпқызының сұхбаттары фильмнің мазмұнын тереңдеткен.

Реклама