Алаштану

Рисунок13 Алаштану – негізі ұлт қайраткерлерінің көзі тірісінде басталған зерттеу бағыты. ХХ ғасырдың 20-жылдары Алаш қозғалысына байланысты Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы, Т.Шонанұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Сейфоллаұлы, Ғ.Тоғжанұлы, С.Мұқанұлы, А.Бочаров, Н.Мартыненко т.б., 30-жылдары шеттегі М.Шоқай мен елдегі С.Брайнин, Ш.Шафиро, Е.Бекенұлы, Ғ.Мүсірепұлы, Ә.Тәжібайұлы т.б. авторлардың түрлі бағыттағы мақалалары жарық көрді. ХХ ғасырдың 50-80 жылдар аралығында да Алаш тұлғаларын сынаған, қаралаған еңбектер, қаншама зерттеулер шықты. Маңызды оқиға ретінде елдегі профессор Б.Кенжебаевтың «Өтелмеген парыз» сынды санаға қозғау салған мақаласын (1957 жыл), шетелде (Түркия) 1973 жылы Хасан Оралтайдың «Алаш» – Түркістан түріктерінің ұлттық ұраны» атты кітабының жарияланғанын айтуға болады. Сондай-ақ Оксфорттың Орталық Азияны зерттеу қоғамы кеңесте оқуға тыйым салынған 1920-1930 жылдардағы Алашқа қатысты зерттеулерді қайта басты. «Жылымық» тұсында бізде Шәкәрім, Ғұмар, Мағжан қолжазбалары баспаға даярлану жолында жабылып қалғаны тағы да бар. Қызық жағдайда 1965 жылы Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» жинағы шығып кеткені, М.Мағауин даярлаған Шәкәрім өлеңдерінің 1978 жылы Ленинград баспасынан орысша жарияланғаны тағы да бар. Мұның бәрі алаштанудың тарихына кіреді. 1988 жылы Қазақстан компартиясының қаулысынан кейін бұл салада объективті жаңа пайымдаулар көріне бастады. Бұл бағытта тарихшы-қоғамтанушылардан К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Д.Аманжолова, Ә.Тәкенов, О.Сегізбаев, Қ.Жарықбаев, М.Бурабаев, И.Қозыбаев, С.Өзбекұлы, М.Құл-Мұхаммед, Ө.Озғанбай, Қ.Ахметов, Д.Қыдырәли, К.Ілиясова, С.Смағұлова, С.Иманбаева, әдебиет тарихшыларынан С.Қирабаев, М.Базарбаев, Қ.Мұхаметханұлы, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Ш.Сәтбаева, Ү.Сүбханбердина, Т.Қожекеев, Б.Құндақбайұлы, Р.Нұрғали, Қ.Сыдиықов, Ж.Ысмағұлов, Қ.Мәшһүр-Жүсіп, А.Еспембетов, Т.Жұртбай, Б.Байғалиев, Б.Дәрімбет, Ө.Әбдіманов, С.Дәуітұлы, Д.Қамзабекұлы, С.Аққұлыұлы, А.Шәріп, Б.Әбдіғазиев, А.Ісмақ, Б.Мамыраев, Р.Тұрысбек, Ш.Керім, М.Тәжімұрат, М.Әбсемет, Р.Әлмұханова, тілшілерден Р.Сыздық, М.Жүсіпов, Ғ.Әнес, Ш.Құрманбайұлы, О.Жұбаева, С.Шүкірұлы жазушы һәм журналист-зерттеушілерден Ғ.Ахмедов, Х.Оралтай, М.Мағауин, А.Тасымбеков, С.Кенжеахметұлы, Д.Досжан, Н.Қазыбек, А.Нүсіпхан, Д.Әшімханұлы, Ж.Әлмашұлы, А.Мектеп, Қ.Сақ т.б. азаматтардың жұмыстары белгілі. Ең үлкен жетістік ретінде 1990 жылдары басылған «Айқап», «Қазақ» жинақтарын, Ә.Бөкейхан, М.Жұмабаев, Ғ.Қараш, Х.Досмұхамедұлы т.б. арыстардың бір томдығы мен таңдамалысын және соңғы жылдары жарияланған Алаш қайраткерлерінің (М.Шоқай, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы, М-Ж.Көпейұлы т.б.) көптомдығын атауға болады.

Жетісу облыстық қазақ комитеті – 1917 жылдың сәуірінде құрылған қазақ комитеті. Бұл комитеттің Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстық қазақ комитеттерінен ерекшелігі – Жетісу облыстық қазақ-қырғыз комитеті деп аталды. Себебі сол кездегі Жетісу облысының құрамына Пржевальск және Пішпек уездері енетін. Соған орай қырғыз халқының ұлт-азаттық жолындағы азаматтар осы комитет құрамына тартылды. Жетісу облыстық қазақ-қырғыз комитетінің төрағасы көрнекті Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақов болды. Комитеттің ұлт-азаттық қозғалыс кезінде жемісті жұмыс істеуіне, жалпы халық арасына бостандық идеяларын таратуына оның мүшелері К.Шегіров, Ә.Кәкенов, Н.Нұрмұхамедов, К.Абдулин, М.Солтаев, К.Тоқсанбаев, К.Ордабаев, И.Арабаев, Қ.Телтаев, М.Әлімбаев, Т.Есенғұлов секілді қазақ және қырғыз халықтарының өкілдері ерекше қызмет етті. Бұл комитеттің бірнеше уездік бөлімдері (комитеттері) болды. Айталық, Верный уездік комитетінің төрағасы К.Шегіров, Пішпек уездік комитетінің төрағасы М.Әлімбаев, Жаркент уездік комитетінің төрағасы Т.Есенғұлов, Пржевальск уездік комитетінің төрағасы И.Арабаев болды. Ресей ақпан төңкерісінен кейін туыстас қазақ халқы мен қырғыз халқының іргелес қоныстанған Жетісу өңірінде қазақ-қырғыз комитеті қызмет атқарып, өңірдегі саяси-қоғамдық үдерісте маңызды орынға ие болды. Қазақ және қырғыз халықтарының бостандық пен теңдік үшін күресінде бұл комитет айтарлықтай тарихи жұмыстар атқарды. Қырғызстанның Пішпек уезінде қазақ ауылдары мен болыстары көп болғандықтан осындағы уездік ұйымның атауы «Пішпек уездік қырғыз-қазақ комитеті» делінді. М.Әлімбаев басқарған бұл комитеттің құрамына: Дардаил Абдуллин, Өмірқұл Өміралин, Аалы Бердіғұлов, Қорабай Бодықов, Оразғұл Базанов, Құлқожа Намазалин, Әбдікерім Сыдықов, Найзабек Тулин, Ахметбек Қойбағаров сияқты қазақ және қырғыз халқының қайраткерлері кірді. Осы Жетісу облыстық қазақ-қырғыз комитеті басшыларының және мүшелерінің атсалысуымен 1917 жылдың 12 сәуірінде Верный қаласында облыстық қазақ-қырғыз сиезі ашылды. Комитет төрағасы Ыбырайым Жайнақов төрағалық жасаған Жетісу облысы қазақтарының бұл сиезіне 81 делегат, соның ішінде Пржевальск және Пішпек уезінен 17 өкіл қатысқан. Сиез жұмысы Уақытша үкіметке, соғысқа қатынас жайын, мемлекеттік құрылыс, дін, сот, жергілікті басқару, ұлтаралық қарым-қатынас, Жетісудағы қазақ пен қырғыз босқыншылығы секілді күн тәртібіндегі шұғыл мәселелер қаралды. Жетісу облыстық қазақ-қырғыз комитеті бұдан әрі өрістеген саяси оқиғаларға белсене араласып, Бірінші және Екінші жалпықазақ сиездерінің шешімдері мен қаулыларын қуаттап, Алаш қозғалысының айтулы кезеңінде белсенділік танытты.
Жетісу облыстық қазақ сьездері. Жетісу облыстық бірінші қазақ сьезі сәуірдің 12-сі мен 14-і аралығында Верный (Алматы) қаласында болды. Сьезд төрағасы болып Жетісуға кеңінен белгілі қоғам қайраткері Ы.Жайнақов, оның орынбасарлары болып Ғ.Үдербаев пен А.Құдайбергенов сайланды. Сьездің хатшылық міндеттері Қ.Шегіров пен Н.Жақыпбаевқа жүктелді. Оған облыстың барлық уездерінен 81 делегат қатысты, олардың үштен екісі – 54 адам Верный уезінің өкілдері еді. Торғай сьезімен салыстырғанда Жетісу сиезі екі есе ұзақ мерзімге созылды, өйткені оған қатысушылар өз жұмысының бес күнін құттықтау сөздерді тыңдауға жұмсады.

Жетісу сьезінің делегаттары көп жағдайда Торғай сьезі талқылаған мәселелерді қайталады. Олар: соғысқа, Уақытша үкіметке, жергілікті және өлкелік өкіметке, сонымен бірге атқару комитеттері мен басқа қоғамдық ұйымдарға көзқарас, рухани-діни іс, азық-түлік мәселесі, жергілікті басқару, сот, білім мен оқу ағарту, жер-су мәселесі, мал шаруашылығы, отырықшылыққа көшу, заттай салық, қырғыздар мен орыстардың қарым-қатынастарын реттеудің жолдары, босқындарды Қытайдан қайтару тәсілдері.

Жетісулықтар рухани-дін мәселесі жөнінде басқаларға ұқсамайтын ерекше шешім қабылдады. Жетісу қазақ сьезі делегаттары, біріншіден, мұсылман дінін православиемен теңестіру үшін Петроградта мұсылмандардың діни басқармасын құру қажет деп тапты; екіншіден, сьез қарарында: «…далалық Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарына ортақ «ерекше діни жаратылыс» құрылсын және ол «Қазақстан» деп аталсын», – делінді. Құжаттан келтірілген үзіндіден көрініп тұрғандай, діни мәселелерге байланысты алынған Жетісу сьезі қарарында қазақ жерінен біртұтас территориялық құрылым (қазірше Сырдария облысы мен Маңғыстаусыз) қалыптастырып, оны мемлекетіміздің қазіргі күнгі аты Қазақстан деп атауды ұсынды.

Реклама