Дүйсебайұлы Төлембай

Дүйсебайұлы Төлембай – Алаш қозғалысы кезінде өмір сүріп, өзінің бар мүмкіндігімен Алашорда үкіметі үшін адал қызмет еткен азаматтардың бірі. Ол 1884 жылы сол кездегі Верный уезінің үлкен Алматы болысында туған. Ата-бабасы дәулетті болған. Төлембайдың бала кезі ата дәулетінің ортаймаған кезі болса керек. Әкесі Шуманақұлы Дүйсебай қажылыққа барған, көпті көрген адам екен. Төлембайдың жақсы тәрбие алуына бар жағдайды жасайды. Баласының алға басар ел адамы болуына көп ықпалы тиеді. Т.Дүйсебайұлы 1894 жылдан 1902 жылға дейін Верный ерлер гимназиясында оқып, бес сыныптық білім алған. Алайда зерек жігіт білімін өз бетінші толықтырады. Өздігінен оқып, орыс тілін жақсы меңгерген ол 1917 жылы Жетісу облыстық басқармасында аудармашы болады. Осы қызметте жүрген кезінде өзінің іскерлігін танытып қана қоймай, ұстанар бағытын, беталысын айқындайды. Алған білім, көрген үлгісін ел ісіне арнауға бел буады.  1918 жылы тамыздың 10-30 аралығында Лепсіде Жетісу облысы қазақтарының екінші сьезіне қатысады. Сьезде елдің қолдауына ие болып, Алашорданың Жетісу бөлімшесінің мүшесі болып қабылданады. Алашордаға мүшелікке кірген соң елі үшін барын салып, аянбай жұмыс істейді. Азамат соғысы кезінде Үржар, Қапал өңірлерінде Алаш әскерін жасақтауға қатысып, өзінің біліктілігін танытады. Кейін екінші рет жарияланған Алашорда үкіметі Қапал уездік кеңесінің мүшесі ретінде соғыс зардабын шеккен қазақтарға көмектесетін комитеттің жұмысына белсене араласады. Осы жұмыстардың бәрінде де ол халыққа жанашырлық көзқарасын танытып, оны іс жүзінде дәлелдеп отырады. Елге пайдалы көп игі істер тындырады. Бұл кезде Алашорда Батыс Сібір үкіметімен одақтас еді. 1919 жылы Батыс Сібір үкіметі Т.Дүйсебайұлына «большевиктермен байланыста болды» деген жала жауып, тұтқынға алады.1919 жылы 16 сәуірде М.Тынышбаев адмирал Колчакқа жазған хатында Төлембайды түрмеден босатуды талап етеді. Түрмеден босаған ол өз жұмысына кіріседі.  Алашорда таратылған соң біраз уақыт кеңес үкіметінің жұмысында болып, Алматы қалалық су шаруашылық саласында жұмыс істеген. Онда да халық үшін қызмет істеу бағытынан айнымайды. Алайда Алашорда үкіметінің мүшесі болған, ұлтшыл бағыт ұстанған азаматтың жолы болмайды. Төлембайдың ұстанған бағыты да, өткен тарихы да үкіметке ұнамаса керек. Өмірінің соңғы кезін қалай өткізгені туралы да дерек қалмаған. Елге тұтқа болар азаматтардың тағдыры аяқасты болған кезеңде өмірден белгісіз күйде өткен арыстарымыздың бірі осы кісі екен.

Реклама