Жайнақов Ыбырай

Жайнақов Ыбырай – Алашорданың белгілі қайркерлерінің бірі. Ол 1884 жылы 30 қыркүйекте бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі үлкен Алматы болысының Боралдай ауылында туған. 1902 жылы Верный ұлдар гимназиясының алты сыныбын бітірген. 1904 жылы Жәркент уездік және Жетісу облыстық басқармасында тілмаш, іс жүргізуші болып қызметтер атқарған. 1911 жылы 21 қазанда өткен Жетісу облысы болыстары және құрметті ақсақалдары кеңесінің ұйымдастырушысы болған. Онда облыстық әкімшілік пен қоныстандыру басқармаларының іс-әрекеттері жөнінде және саяси іздестіру бөлімдерінің облыстағы көшпелі халықтың ісіне араласпауы туралы Ресей империясының өкілетті органы Мемлекеттік Думаға өтініш айтып, өкілдер жіберу мәселесі шешіледі. Сол шешім бойынша Б.Сырттановпен бірге Санкт-Петербургке барып, Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы мүшелеріне Жетісудағы жергілікті халықтың тілектерін жеткізеді. Жайнақов Бүкілресейлік мұсылмандар сиезін әзірлеп өткізуге де қатынасады. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы кезінде халыққа көтеріліске шықпай, істі бейбіт жолмен шешу керек екенін түсіндіреді. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін елдегі әлеуметтік-саяси өзгерістерге белсене араласты. Жетісу облыстық қазақ комитетінің төрағасы болып сайланады. Сол жылы 12-23 сәуірде Жетісу облыстық қазақтарының бірінші сиезін ұйымдастырып, оған төраға болады. 1917 жылы 19 шілдеде уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалады. 1917 жылы бірінші, екінші жалпықазақ сиездерінің жұмыстарына да белсене араласады. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына Жетісу облысынан депутаттыққа ұсынылады. 1918 жылы шілде, тамыз айларында Алашорда атынан Челябі қаласында өткен Сібір үкіметі мен құрылтай жиналысының мүшелері комитетінің мәжілісіне қатынасады. 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысынан кейін босқын болып, Қытайға ауған Жетісу тұрғындарын – қазақтар мен қырғыздарды елге кері қайтаруға, оларға көмек көрсетуге, ашаршылыққа тап болған халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне атсалысты. 1918 жылы 10-31 тамыз аралығында Лепсі қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының екінші сиезіне төрағалық етті. 1919 жылы 17 наурызда Жетісу облыстық қазақ комитетінде жергілікті халықтың ауыр жағдайы туралы баяндама жасады. Большевиктер билік басына келген кезде олармен келісе алмайтынын біліп, Ы.Жайнақов Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен бірге Қытайға қоныс аударады. Сол жақтан большевиктерге қарсы қарулы қарсылық ұйымдастыруды жоспарлайды. 1932-1933 жылдары кеңес үкіметінен қашып өткен қазақтарды жұмысқа орналастыруға жәрдем береді. Моңғол-Күре ауданының әкімі болады. Сол қызметінде жүргенде 1938 жылы 28 ақпанда тұтқындалып, Гоминдан үкіметінің түрмесіне жабылады. Кейін баласы Омар Жайнақов әкесін 1941 жылы Үрімжі түрмесінен Семейге алып кеткенін Ғабди Сайболатов дегеннің аузынан естиді. Жайнақовтың мұнан кейінгі тағдыры беймәлім.

Реклама