Жақыпбаев Нүсіпбек

Жақыпбаев Нүсіпбек – Алашорданың белгілі қайраткері. Ол бұрынғы Жетісу облысында туған. Бала кезінде оқу-білім қуып, талмай талаптанып көп ізденеді. 1911 жылы Верный ұлдар гимназиясын тәмамдайды. Білімнің таза бұлағынан сусындап, көзі ашылған бозбала оқуын одан әрі жалғастыруды ойлап, Киев университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Университетті 1916 жылы үздік бітіреді. Оқуын тәмамдаған соң Жетісу облысына жұмысқа жіберіледі. 1916 жылы майдандағы қара жұмысқа шақырылғандарға арналған дәрігерлік пункте комиссия құрамында жұмыс істейді. Бұл жұмыс оның қара жұмысқа шақырылған қандастарына аз да болса көмек қолын созуына мүмкіндік береді. Алайда, бұл жұмысы ұзаққа бармады. Сол жылы желтоқсанда Үржар ауылдық дәрігерлік бөлімшесіне дәрігер болып ауысады. Дәрігер Нүсіпбек ауылдағы қазақтарға жанашыр болады, оның үстіне кәсіби біліктілігімен аз уақытта елдің қалаулы азаматына айналады. Оның келуі Үржар халқына үлкен медеу болды. Дәрігерлік қызмет оны елмен етене жақындастырды. 1917 жылғы 12-23 сәуірде Жетісу облыстық қазақ сьезіне қатысқан. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Екінші жалпықазақ сьезіне Жетісу облысынан делегат болып, Алашорда үкіметінің Халық кеңесінің мүшелігіне кандидат ретінде сайланды. 1918 жылы 10-31 тамызда Лепсі қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының Екінші сиезінде Алаш облыстық комитетінің жаңадан сайланған құрамына мүше болды. Азамат соғысы жылдарында Жетісу өлкесінде, Үржарда Алаш әскерінің жүздігін басқарып, қызылдарға қарсы күрескен.

Алашорда таратылғанда Нүсіпбек бір-екі жыл жұмыссыз жүреді, кейін үкіметтің уақытша кешіріміне ие болып, 1923 жылы Жетісу облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалады. Бір жылдай сонда істеген соң, 1924 жылы Жетісу губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылады. Осы қызметке қоса губерниялық атқару комитетінің мүшесі болады. Бұл міндетті екі жыл атқарады. 1925 жылы жергілікті денсаулық сақтау мекемесінің жетекшісі ретінде Орынборда өткен дәрігерлердің бүкілодақтық бірінші сьезіне, Орынборда өткен губерниялық денсаулық сақтау бөлімдерінің сиезіне қатысады.  1932 жылы қайтыс болады. Жетісу облыстық Алаш комитеті – 1918 жылдың тамызында Лепсіде өткен Жетісу облыстық сиезінде құрылған комитет. Сьез ұлттық әскердің бөлімдерін жасақтау, оларды оқыту, қамтамасыз ету мәселелерімен бірге облыстық Алаш комитетін құрды. Бұл облыстық қазақ комитетінің Алаш комитеті болып қайта құрылуы еді. Комитет төрағалығына Ыбырайым Жайнақов, мүшелігіне Мұхамеджан Тынышбаев, Сатылған Сабатаев, Төлебай Дүйсебаев, Нүсіпбек Жақыпбаев, Базарбай Мәметов, Біләл Сүлеев, Иса Тергеусізов, Садық Аманжоловтар енгізілді. Бұл Алаш комитеті жалпы халықты ұлт-азаттық қозғалысына қатысуға үндеді, кеңестік билікке қарсы соғыс қимылдарын жүргізуге атсалысты. Жетісу облыстық Алаш комитетінің қаулысы – 1919 жылдың 17 наурызында Үржарда дайындалған қаулы Жетісу облыстық Алаш комитетінің төрағасы Ы.Жайнақовтың баяндамасы негізінде жасалды. Қаулыда өңірде қалыптасқан жағдайды, большевиктердің ел ішіндегі басбұзарлық әрекеттерін, шаруашылық мәселелері көрініс тапты. Қаулыға комитет төрағасы Ы.Жайнақов, мүшелері С.Сабатаев, Т.Дүйсебаев, И.Тергеусізов, Т.Жақыбаевтар қол қойған.

Реклама