Мәметов Базарбай

Мәметов Базарбай – Алаш қозғалысының қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі. 1888 жылы Жетісу облысы Лепсі уезі Балқаш-Лепсі болысында туған.  1911 жылы Верный ұлдар гимназиясын бітіріп, Қазан университетіне түседі. 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін өте жақсы нәтижемен бітіріп шығады. Қазанда оқып жүрген кезінде өзімен пікірлес қазақ жігіттерімен бірге патша жарлығымен тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу, олардың отбасыларына қамқорлық жасау жөнінде «Қазақ» газетінде (№201, 1916 жыл 15 қыркүйек) Алаш жұртына ашық хат жазады. Бұл хатты сол кезде Минскідегі «земский союздың» бас комитетінде қызметте жүрген Ә.Бөкейхан да қолдайды. Б.Мәметов 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Қазаннан елге оралысымен, Алаш қозғалысына белсене араласады. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ сьезіне Жетісу өкілдері қатарында қатысады. Сьез Б.Мәметовті Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа Жетісу облысының кандидаты ретінде ұсынады, әрі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шура-и-исламға) өкіл етіп сайлайды. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезінде кеңеске мүше болған сегіз адамның бірі – осы Б.Мәметов. Екінші жалпықазақ сиезінің шешімімен 1918 жылы 25 маусымда Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейхан халық милициясын құру туралы қаулыға қол қояды. Сол қаулыны жүзеге асыру мақсатымен Семей қаласында капитан Х.Тоқтамышев басқарған бірінші Алаш полкін ұйымдастыруға Алаш басшылары Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, А.Тұрлыбаевтармен бірге Б.Мәметов те қатысты. Ол өзінің іскерлігімен, әділдігімен көзге түседі. 1918 жылы 10-31 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облыстық екінші қазақ сиезінде Жергілікті кеңес мүшелігіне сайланады.       Б.Мәметов қай кезде де елі үшін игі істер тындырып, халыққа жанашырлық танытып отырған екен. Азамат соғысы жылдарында С.Аманжоловпен бірге Жетісу қазақтарына көмек қорын құрды. Бұл да дер кезінде жасалған қадам еді. Алашорда үкіметінің мүшесі Лепсі көмек комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген абзал азаматты «Большевиктермен байланысы бар» деген айыппен Колчак үкіметі қуғынға алады. Тұтқыннан қалай құтылғаны туралы дерек жоқ. Алашорда басшылары ара түсіп босатып алса керек.

Алашорда таратылып, Жетісуда кеңес үкіметі орнаған соң, қандай қызмет атқарғаны белгісіз. 1928 жылы тұтқындалып, отбасымен түрмеге қамалады. 1931 жылы Саратовқа жер аударылады. Қарақалпақстанда да қызмет атқарады. Кейін елге оралып, Жамбыл, Талдықорған қалаларында әр түрлі қызметтер атқарған екен. 1946 жылы қайтыс болған.

Реклама