Нұрпейіс Кеңес Нұрпейісұлы

Нұрпейіс Кеңес Нұрпейісұлы – ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор. ҰҒА-ның академигі, ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1935 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Саты ауылында туған. 1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. 1958 жылдан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында еңбек етеді. К.Нұрпейіс көптеген ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбек жазған. Олардың ішінде 20-дан астам монография мен мектептерге арналған оқулықтар бар. Көптеген ұжымдық еңбектерді, олардың қатарында академик 5 томдық Қазақстан тарихының екі басылымын жазуға қатысқан. Ғылыми зерттеулерінің басты бағыттары: Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, ұлттық-мемлекеттік құрылыс пен Қазақстанның ХХ ғасырдағы қоғамдық-саяси өмірінің өзекті мәселелері, аграрлық және шаруалар тарихының мәселелері, Алаш қозғалысы мен ХХ ғасырда Қазақстанда орын алған саяси қуғын-сүргін тарихы, т.б. К.Нұрпейіс 1989-2005 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, О.Жандосов мұраларын жариялап, бағалауға қомақты үлес қосты. Шығармалары «Алаш һәм Алашорда», «Тұлғалар» атты іргелі зерттеулерінде алаштанудың қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай ықпал жасаған тарихи тұжырымдамалық негіздерді қалыптастырды. Ғалымның бұл саладағы еңбектері алаштануға қосылған аса көрнекті үлес.

Реклама