Садық Аюкеұлы

Садық Аюкеұлы 1917 жылға дейін Жетісу облысының (Аягөз, Үржар) заң орындарында қызмет атқарады. Бұл жұмысты ол тындырымды да әділ атқарады.  Кейін Үржар уезінде қазақ комитетінің төрағасы болады. Садықтың ұлт үшін күрескен өмірінде бұл кездің орны бөлек еді. Осы жұмыста жүріп ол Алаш зиялыларымен жақын танысып, ойы ұшталып, кемелдене түседі.  1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда бірінші жалпықазақ сьезі өткенде, сол сьезге Садық та қатысады. Сьезге жиналған қазақ зиялыларының ұйғаруымен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланады. Бұл бірінші жалпықазақ сиезіне жиналған қазақ көсемдерінің Садықтың білімі мен біліктілігін бағалап, Бүкілресейлік құрылтайда  қазақ  халқының мүддесін қорғай алатынына сенгендігі еді.    Бүкілресейлік сьезде Садықтың өз ұстанымын, ұлтының аманатын қалай қорғағаны туралы дерек жоқ. Сьезден кейінгі атқарған жұмыстарына қарағанда Алаш көсемдерінің күткен жерінен шыққаны анық. Садық Бүкілресейлік сиезден кейін «Алаш» партиясының жергілікті ұйымдарын құру ісіне араласып, мәнді әрі ауыр міндетті мойнына алады. Жетісу өңірінде Алаш ұйымдарының құрылуы мен оның қызметінің тыңғылықты жүруіне Садық Аюкеұлы бір кісідей тер төкті. Екінші жалпықазақ сьезінде Садық Ұлт Кеңесіне мүше болып сайланды. Бұл мәртебелі орын халықшыл азаматтың сенімін бекемдеп, белсенді де пәрменді қызмет істеуіне түрткі болғаны айтпасақ та түсінікті. Садық Жетісуда Алашорда жасақтарын құру ісінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түссе керек. Кейін Шыңжаңның Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға жетекшілік етеді. Алашорда көсемдерінің бәрі де өздері үлгі көрсете алатын, жан-жақты жетілген кемел азаматтар еді. Бұл қасиетті Садықтан да көреміз. Ол кезінде әділ заңгер, талантты ұйымдастырушы, білікті басшы болды. Алаш әскері қатарында қолына қару алып, майданға шықты. Кеңес әскерлерімен болған шайқаста ауыр жарақат алған.  Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін кеңес үкіметі алашордашыларға біраз уақыт еркіндік бергені белгілі. Сол тұстарда (1923-1930 жылдары) Садық Аюкеұлы Аманжолов Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы заң халық комиссариатында қызмет атқарады. Жасынан әлеуметтік қызметпен шұғылданған, кәсіби маман Садықтың бұл жұмысты аса тыңғылықты атқарғанында дау жоқ. Алайда, елшілдік бағыт ұстанып, туған халқының азаттығы үшін күрескен азаматтың кеңестік дәуірде қайдан жолы болсын, 1930 жылдардың зобалаңы басталғанда оның да тағдыры тәлкекке түседі. Садық Аюкеұлы Қазақстаннан қуғындалады. Басында жан сауғалап Мәскеуге барады. Алайда Ресей астанасы ұзақ мекен бола алмайтынын түсініп, Бішкекке, одан Ташкентке кетеді. Ол жақта қалай өмір өткізгені туралы нақты дерек аз.  1941 жылы 5 желтоқсанда Ташкентте қайтыс болған. Ұзын да, қысқа да емес, қиындығы мен қызығы бірдей, арманға толы 56 жыл өмір сүріпті. Осы өмірінің ішінде қазақ халқы үшін оның ұлттық мемлекеті – Алашорда үкіметі үшін бір кісідей үлес қосып, елеулі еңбек етеді.

Реклама